Дзюдошы Абылайхан Жұбаназар Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда өтіп жатқан Үлкен дулыға бәсекесінде қола медаль жеңіп алды. Отандасымыз (81 кг) әуелі германиялық Доминик Ресселді иппонмен, 2-айналымда моңғолиялық Буянцагаан Эрденебатты ұтты. Ширек финалда жапониялық Кения Охарадан ұтылып қалды. Жұбаныш белдесуінде Бахрейн спортшысы Аскерби Гербековтен, қола медаль жолында тағы бір жарыс қожайыны Молд-Очир Герелтуядан басым түсті.
Бұл Абылайханның Grand Slam сериясындағы 2-жүлдесі. Ол биыл Грузия астанасы Тбилисиде күміс медаль алған. Ал былтыр осы Моңғолиядағы Үлкен дулыға турнирінде 5-орынға тұрақтаған.


