Қазір Нидерланд Корольдігі мен Польшада волейболдан әйелдер арасында Әлем чемпионаты өтіп жатыр. Бәсекені FIVB (халықаралық волейбол федерациясы) мен Volley World 4 жылда бір рет ұйымдастырады. Бүгін Қазақстан құрамасы топтағы соңғы ойында Болгариядан жеңіліп қалды. Есеп: 18-25, 22-25, 18-25.
Бұл матчта Ұлттық құрама сапында ең көп ұпайды Татьяна Никитина (15) мен Кристина Белова (11 ұпай) жинады.
Өкінішке қарай, Дарко Добресков баптайтын қазақстандық волейболшылар С тобындағы барлық ойында қарсыласқа жол беріп, 2-айналымға шыға алмады. Айта кетейік, біздің арулар АҚШ, Сербия, Германия, Болгария және Канада құрамасымен біп топқа түскен. Токио Олимпиадасының чемпионы АҚШ пен 2018 жылғы ӘЧ-ның жеңімпазы Сербия құрамасы көпшілік күткендей, еш қиындықсыз келесі айналымға жолдама алды.
Биылғы әйелдердің ұшпа доп бәсекесін Арнхем, Роттердам мен Апельдорн (Нидерланд), Гданьск, Лодзь бен Гливице (Польша) сынды 6 қала қабылдайды. Барлығы 100 ойын жосарланған.
Бұл чемпионатта ел намысын мына ойыншылар қорғады: Мадина Бекет, Томирис Сағымбаева, Кристина Белова, Сабира Бекішева, Динара Қожанбердина, Найля Нигматулина, Елизавета Мейстер, Маргарита Бельченко, Екатерина Михайлова, Татьяна Никитина, Яна Петренко, Наталья Смирнова, Валерия Чумак, Анастасия Коломоец.




