Бүгін Алматы қаласында Тұңғыш Президент тестілерін тапсырудан ел чемпионаты басталды. Енді 27 қазанға дейін барлық облыс пен республикалық маңызы бар қалалардан келген команда 5 спорт түрінен кім мықтыны анықтайды. Олар: қысқа қашықтыққа жүгіру (30, 60, 100 метр), Алыс қашыққа жүгіру (500-1000 метр), суда жүзу (25-50 м), бір орыннан секіру, доп және гранат лақтыру, нысана көздеу, күш гимнастикасы (шалқалай жатып денені көтеру).
Жалпы бұл чемпионаттың шешуші, 4-кезеңі. Осыған дейін биыл мамыр-маусымда дене шынықтыру ұжымдарында бастау алып, шілдеде 2-кезеңі аудандық жарыстарға жалғасты. Ал тамыз бен қыркүйекте әр облыс пен республикалық маңызы бар қала өз мықтыларын анықтады.
Ереже бойынша әр командада 25 адам болуы керек. Оның 22-сі спортшы, сосын бір-бір өкіл, төреші мен жаттықтырушы. Сондай-ақ команда 9-10 жастағы ұл-қыздан бастап, 70-тен асқан ардагерге дейін болуы қажет.
Айта кетейік, барлық жас санатындағы жеңімпазға (ерлер мен әйелдерден) арнайы төсбелгі, куәлік пен сертификат табысталады.

