14.09.2025 | 22:19

АСЫЛЖАН ЕСЕНГЕЛДІ МЕН НҰРҚОЖА ҚАЙПАНОВ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ АТАНДЫ

Бүгін Хорватия астанасы Загребте өтіп жатқан еркін күрестен әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына 2 медаль түсті, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Ұлттық құрама спортшысы Асылжан Есенгелді (-60 кг) жүлде жолында америкалық Джаксен Патрик Форресті жеңіп, үздік үштікті түйіндеді. Отандасымыз соңғы секундтардарда ұпай алып, басым түсті.

Айта кетейік, 2 жыл бұрын Асылжан осы салмақта Тирана қаласында өткен 23 жасқа дейінгі палуандар арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған.

Осыдан кейін Загреб бозкілемінде Нұрқожа Қайпанов Василь Диаконнан (Молдова) басым түсіп, қола медаль иегері атанды.

Еске сала кетейік, Нұрқожа үшін бұл ересектер арасындағы әлем чемпионатының үшінші медалі. Ол алғаш рет 2019 жылы елімізде күміс жүлде алса, былтыр Тирана қаласында алтыннан алқа таққан.

Ертең 92 кг дейінгі салмақтағы Камиль Куруглиев жұбаныш белдесуінде күш сынасады. Қарсыласы – Бенжамин Конрад Хонис (Италия). Сонымен қатар Ризабек Айтмұхан (-97 кг) мен Начын Куулар (-65 кг) іріктеуде өнер көрсетеді.

Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес