07.09.2025 | 10:12
Бөлісу:
ЕРКІНБЕК БАЙТӨРЕЕВ – ЗАЛЬЦБУРГТЕГІ ТУРНИРДІҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ
Аустрияның Зальцбург қаласында А сериясындағы жарыс өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Қазақстан құрамасы қоржынына алғашқы жүлдені кумите бағдарламасында 67 кг дейінгі салмақта Еркінбек Байтөреев салды. Ол 3-орын үшін жекпе-жекте Кипр спортшысы Лоизидес Панайотисті жеңді.
Ұлттық құрама спортшысы топтық кезеңде мына каратэшілерді ұтты – Джед Томпсон (Англия), Руфини Самуэле (Италия), Диего Нунес Рибейро (Португалия), Александр Гуиран (Франция).
Сосын ширек финалда Дзюда Доминиктен (Польша) басым түсіп, жартылай финалда Гусейн Мамедлиге (Әзірбайжан) 7-8 есебімен жол берді. Айта кетейік, Еркінбек биыл көктемде Ақтау қаласында өткен ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында топ жарған.
Зальцбургте бүгін соңғы жарыс күні өтеді. Ұлттық құрама сапында ката және кумите бағдарламасында барлығы 18 спортшы аттанды.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: