Ұлттық құрама дзюдошысы Ғалия Тынбаева елордада басталған Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысында алтыннан алқа тақты, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Қазақстандық спортшы (-48 кг) финалда Гран-при чемпионы Сабина Гилиазованы (AIN) жықты. Тынбаева – Астанадағы Үлкен Дулыға бәсекесінде топ жарған екінші дзюдошымыз. Былтыр ерлер арасында (-60 кг) Мағжан Шамшадин 1-орыннан көрінген.

Ғалия бүгін жартылай финалда әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропа чемпионы, Grand Slam жарыстарының жеңімпазы француз Ширин Боуклиді ұтты. Оның алдында әлемдік доданы екінші айналымнан бастап, В тобында Тунис, Тайпей, Түркия елдерінің спортшысынан басым болды.