Жапонияның Хиросима қаласында қол добынан Париж Олимпиадасына іріктеу турнирі өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Сары құрлық бәсекесіне о баста 6 елдің әйелдер құрамасы жиналған. Алайда Өзбекстан жеребе тартудан кейін белгісіз себептерге байланысты жарыстан бас тартты.
Қазақстан гандболшылары алғашқы турда Қытайға 26-33 есебімен жол берді. Бұған қарамастан отандастарымыздың әлі жолдама үшін таласа алады. Ол үшін Жапония (20 тамыз), Оңтүстік Корея (21 тамыз), Үндістанмен (23 тамыз) болатын матчта еш аянбау қажет. Қазір 2 турда қарсыласын ұтқан Оңтүстік Корея 1-орында тұр.
Хиросимадағы бәсекеде жеңіске жеткен құрама олимпия ойындарына тікелей жолдама алады. Ал финалда жеңілген спортшылар 2024 жылғы 11-14 сәуір аралығындағы кезекті лицензиялық турнирде бақ сынайды. Ол кезде әр құрлықтағы сайыстың өкілдері болады.