Алматы қаласында өткен қол добынан әйелдер клубтары арасындағы Азия чемпионатында «Қайсар» командасы топ жарды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
«Достық» спорт кешенінде барлығы 5 клуб кім мықтыны анықтады: «Қайсар», «Достық» (екеуі де Қазақстан), «Узбечка» (Өзбекстан), «Голден Иглз Бхарат» (Үндістан), «Әл-Құрайн» (Кувейт).
Әуелі 5 клуб айналмалы жүйе бойынша бір-бірімен ойнап шығып, жартылай финал жолдамасына таласты. Жартылай финалда «Қайсар» «Узбечка» клубын 40-16 есебімен, ал «Достық» «Голден Иглз Бхаратты» 31-26 есебімен жеңді. Финалда «Қайсар» қарсыласынан 45-23 есебімен айласын асырды.
Осылайша, «Қайсар» командасы 3-рет құрлық жеңімпазы атанды (2016, 2019 және 2024 жылы). Сонымен қатар олар 2 рет күміс жүлдеге ие болған. Ал «Достық» гандбол клубы өзі қатысқан алғашқы Азия чемпионатында 2-орыннан көрінді.
Злата Звягина («Қайсар») 54 гол салып, үздік сұрмерген атанды. Вероника Хардина («Қайсар») чемпионаттың үздік ойыншысы, Жаннат Айтенова («Достық») үздік қақпашы атанды.