13.07.2025 | 16:24

РИШАТ ХАЙБУЛЛИН ФРАНЦИЯДАҒЫ ӘЛЕМ КУБОГЫНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ АТАНДЫ

Францияның Шамони қаласында өтіп жатқан құзға өрмелеуден әлем кубогының кезеңінде Ұлттық құрама спортшысы Ришат Хайбуллин күміс медаль иеленді.

Ол жылдамдық бағдарламасының іріктеуінде 5.03 секунд нәтиже көрсетіп, 8-орынмен плей-офф кезеңіне жолдама алған. Жартылай финалда төбеге 4.83 секундта көтеріліп, Ришат жеке рекордын жаңартты (мұнда әлем рекорды 4.64 секунд). 
Ал финалда Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем кубогының бірнеше дүркін чемпионы америкалық Самюэл Уотсонға есе жіберді. 

«Аздап шаршадым. Бірақ осы жарыстан жүлде жеңіп алғаныма ерекше қуаныштымын. Маған Шамони қаласы қатты ұнайды. Әлем кубогын өткізуге таптырмас жер екен»,-деді Ришат финалдан кейін Халықаралық құзға өрмелеу федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында. 

Тағы бір отандасымыз Әмір Маймұратов іріктеуде 2-ші сатыға орналасқан (4.89 секунд). Алайда отандасымыз шешуші кезеңде қарсыласына есе жіберді. 

«Шамони - мен үшін ерекше қала. Мұнда мен әлем кубогындағы алғашқы финалыма қатысқам. Краковтағы кезеңнен кейін көп уақыт өткен жоқ. Меніңше, сондықтан осы жарыста бәрі жоғары нәтиже көрсетті»,- деп айтты Әмір финалдан кейін Халықаралық құзға өрмелеу федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес