11.08.2025 | 08:44
Бөлісу:
ТАЕКВОНДОДАН (WT) ХАЛЫҚАРАЛЫҚ KAZAKHSTAN OPEN ТУРНИРІНЕ 3 КҮН ҚАЛДЫ
14–16 тамыз аралығында Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында таеквондодан (WT) Kazakhstan Open 2025 халықаралық рейтингілік турнирі өтеді, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Дүниежүзілік таеквондо федерациясының (World Taekwondo) ресми күнтізбесіне енген бұл турнир үш жас санатын қамтиды – жасөспірімдер, жастар және ересектер. Бүгінде 750-ден астам спортшы жарысқа қатысатынын растады.
Байрақты додаға Қазақстан, Ауғанстан, Армения, Канада, Франция, Үндістан, Иран, Кувейт, Қырғызстан, Оман, Люксембург, Марокко, Непал, Пәкістан, Палестина, Қытай, Сауд Арабиясы, Түркия, Тунис, Біріккен Араб Әмірліктері, АҚШ және бейтарап мәртебедегі (AIN) спортшылар қатысады.
Көп жыл үзілістен кейін Қазақстан тағы да әлемдік таеквондо қауымының назарын өзіне аударып отыр. Бұған дейін елімізде G-1 деңгейіндегі халықаралық жарыстар 2015 жылы (Алматы) және 2017 жылы (Атырау) өткен. Биылғы жарыс Қазақстанның халықаралық жарыстар картасына оралғанының айқын дәлелі. Жарыстың мәртебесін Олимпиада чемпиондары мен әлемдік таеквондо жұлдыздарының қатысуы айшықтай түспек.
Турнир жаңартылған халықаралық ережелерге сай, KPNP K-2 жүйесі арқылы өткізіледі. Қазақстанда алғаш рет спортшылардың соққыларын дәл әрі әділ тіркеуге арналған KPNP компаниясы ұсынған жаңа электронды қолғаптар қолданылады. Сондай-ақ, аталған халықаралық дода аясында алғаш рет Дүниежүзілік таеквондо федерациясының көрсетілім тобы Қазақстанда өнер көрсетеді.

Аталған іс-шараға Дүниежүзілік таеквондо федерациясының президенті доктор Чунгвон Чо, Азия таеквондо одағының президенті мен World Taekwondo кеңесінің мүшелері қатысады. Жарыстың жалпы жүлде қоры 15 808 000 теңге.
Kazakhstan Open 2025 тек спорттық дода ғана емес, сонымен бірге Қазақстанның халықаралық жарыстарды ұйымдастырудағы әлеуетін танытатын маңызды платформа болмақ. Бұл турнир елімізде 2026 жылы өтетін Гран-при финалына дайындықтың бір бөлігі ретінде және 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізуге ұсынылатын ресми өтінім алдындағы таныстыру іс-шарасы ретінде қарастырылады.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалық
ДАМИР ШУЛЕНОВ ТАЕКВОНДОДАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИРДІҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ АТАНДЫ