Босния және Герцеговина астанасы Сараевода дзюдодан жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өтіп жатыр. Татами төріндегі бәсекеге 60 елден 500-ге жуық таңдаулы спортшы жиналды.
Әзірге Қазақстан құрамасының еншісінде 2 қола медаль бар. Диас Жолдыбаев (50 келіге дейін) пен Талғат Орынбасар (60 келіге дейін) өз салмағында үздік үштікті түйіндеді. Алғашқысы шешуші белдесуде армениялық, кейінісі өзбекстандық қарсыласын ұтты. Айта кетейік, байрақты бәсеке ертең, 27 тамызда мәресіне жетеді.



