Галина Дуванова Ханчжоуда өтіп жатқан жазғы Азия ойындарының финалында қарсыласқа есе жіберді, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Джиу-джитсудан 57 кг салмақта бақ сынайтын спортшы ақтық айқаста Азияның 3 дүркін чемпионы Анние Рамирезден (Филиппин) жеңіліп қалды. Есеп: 0-2.
Ұлттық құрама спортшысы бағана жартылай финалда әлем чемпионатының 3 дүркін жүлдегері Орапа Сенатамның (Таиланд) осал тұсын тапқан. Оған дейін Галина іріктеуде Вуонг Мин Нгуен (Вьетнам) мен Удвал Цогхууды (Моңғолия) жеңген.
Галина үшін бұл екінші Азиада. Ол Джакртадағы бәсекеде 9-сатыдан көрінген. 24 жастағы Дуванова былтыр АҚШ-тың Бирмингем қаласында өткен Дүниежүзілік ойындарда күміс жүлдегер атанған, сондай-ақ 3 дүркін Азия чемпионы.

