Бүгін Астанадағы «Aлау» мұз айдыны сарайында жекелей қашықтықтар бойынша конькимен жүгіруден Қазақстан чемпионаты басталды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Чемпионат 2023-2024 жылдар аралығындағы жарыс маусымына спортшыларды іріктеу туринирі саналады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ересектер, халықаралық жарыстарға, Әлем Кубогының кезеңдеріне, сондай-ақ қысқы жасөспірімдер олимпиадасына қатысуға мүмкіндік алады.
Чемпинаттың ашылу салтанатына ҚР Туризм және спорт министрі Е.Маржықпаев қатысып, турнирге келген спортшылармен жүздесіп, жарысты ұйымдастыруға атсалысқандарға алғыс білдірді. Чемпионатқа еліміздің 7 облысынан 183 спортшы қатысады: Абай, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, СҚО мен ШҚО және республикалық маңызы бар 2 қала - Астана және Алматы.
Конькимен жүгірушілердің ұлттық федерациясына кіретін спорт түрлері- шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және конькимен сырғанау спорты бойынша 28 медаль жиынтығы қарастырылған.

«Коньки жарысы – қысқы спорттың басым түрлерінің бірі саналады. Сондықтан да біздің министрлік оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастырумен, қазақстандық спортшылардың халықаралық жарыстарға қатысуын қамтамасыз етумен, сондай-ақ Қазақстанда халықаралық және республикалық жарыстарды ұйымдастырумен және өткізумен белсенді айналысып келеді. Спортшыларымызға жарқын жеңістер тілеймін», - деді ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.