20.08.2025 | 15:16

НЫСАНА КӨЗДЕУДЕН ШЫМКЕНТТЕГІ АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНДА ҚЫТАЙ ҚҰРАМАСЫ 4 РЕКОРД ТІРКЕДІ

Шымкент қаласында өтіп жатқан нысана көздеу мен стенд атудан XVI Азия чемпионатында Қытай әйелдер құрамасы ересектер мен жасөспірімдер санатында әлем және құрлық рекордын жаңартты, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Пневматикалық тапаншамен 10 метрден оқ атудан командалық сайыста Ма Цяньке, Яо Цяньсюнь мен Цзэн Чжувэньси үштігі 1740 ұпайға қол жеткізді. Яғни, ересектер және жасөспірімдер санаты бойынша әлем мен сары құрлықтағы ең жоғарғы көрсеткіш. Мұны Халықаралық нысана көздеу федерациясы (ISSF) ресми түрде хабарлады.

Бұл жаңадан ашылған Shymkent Shooting Plaza кешенінде тіркелген алғашқы әлем рекорды екенін айта кетейік.

Осыған дейінгі әйелдер арасындағы әлем және Азия рекорды 1739 балл болған (бір жарыста тіркелген). Ал жасөспірімдер санатындағы әлемнің үздік нәтижесі 1724, Азиядағы көрсеткіш 1722 ұпай еді.

XVI Азия чемпионатын Қазақстанның спорттық ату федерациясы Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырып жатыр. Shymkent Shooting Plaza спорт кешенінде 30 тамызға дейін ересектер, жастар мен жасөспірімдер арасында барлық дисциплинада (тапанша, винтовка, жылжымалы нысана көздеу, стенд атудан) сайыс өтеді. Биыл чемпионатқа құрлықтағы 27 Ұлттық федерациядан 750-ден астам мерген келді.

Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес