12.08.2025 | 19:39

САМАТ ЖАҚЫПОВ: «МАҚСАТЫМЫЗ – АЛДЫҢҒЫ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНДАҒЫ НӘТИЖЕДЕН КЕМ ТҮСПЕУ»

Хорватия астанасы Загребте өтетін ересектер арасындағы әлем чемпионатында сынға түсетін еркін күрестен Қазақстан құрамасының тізімі жарияланды.

Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі осы орайда назарыңызға Ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы Самат Жақыпов пен былтырғы әлем чемпионы Нұрқожа Қайпановтың пікірін ұсынамыз.

«Әлем чемпионатына дайындықтың алғашқы кезеңін аяқтап жатырмыз. Қазір команда Грузиядағы жаттығу жиынын тәмамдады. Бұл елді де жайдан-жай таңдаған жоқпыз. Енді келесі жиынды Алматыда өткіземіз. Бүкіл бапкерлік құрамның мақсаты  осыған дейін Сербия мен Албаниядағы бәсекедегі нәтижені қайталау, реті келсе жақсарта түсу. Загребке баратын спортшылар тізімін көбі көрді. Әр палуан қолынан келгенін аянып қалмайды. Бәрін қыркүйектің ортасына дейін бабына келтіруге тырысамыз. Қазір тұтас құраманың аяқ алысы жақсы, көңіл-күйі көтеріңкі. Біз Лос-Анджелеске дейінгі кезекті олимпиадалық айналым басталғанын да жақсы түсінеміз»,-деді Самат Жақыпов.

Былтыр Тирана қаласында әлем чемпионы атанған Нұрқожа Қайпанов биыл 70 кг дейінгі салмақта бақ сынайды. Ол көктемде осы салмақта Аммандағы Азия чемпионатында топ жарған.

«Биыл 70 кг дейінгі салмақта қалатынымды жылдың басында айтқанмын. Бапкерлермен ақылдаса келе осындай шешім қабылдадық. Қазір физикалық әлеуетті арттыру үшін көп жұмыс істеп жатырмын. Қарсыластарымның көбі белгілі. Кейбірімін биыл Азия чемпионатында, жазда Түркиядағы жарыста тағы күрестім. Бәрі әлем чемпионатына жақсы дайындалып келетіні түсінікті. Загребке тас-түйін барамын»,-деді Нұрқожа Қайпанов.

Айта кетейік, Хорватия астанасында бозкілем шеберлерінің жарысы 13-21 қыркүйек аралығында өтеді. Еркін күрес шеберлері бәсекені 13-іне бастап, 16-сына аяқтайды. 

Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес