16.04.2025 | 12:02

VI ҚЫСҚЫ СПАРТАКИАДА ҚАЛАЙ ӨТТІ?

Милан-2026 қысқы Олимпиадасы қарсаңында еліміздегі төрт жылдықтың басты додасы – ақпан мен сәуір аралығында жалғасқан VI қысқы Спартакиада ресми түрде мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Осы орайда қыстық спорт түрлеріндегі жағдайымызды анықтаған жарыстың қорытындысын ұсынамыз. VI Қысқы Спартакиаданың биылғы бәсекесі бірнеше ерекшелігімен есте қалды.

Біріншіден, 2021 жылғы қысқы Спартакиада тек Алматы қаласында ғана өтсе, биыл 14 cпорт түрін қамтыған жарысты Өскемен, Алматы, Риддер, Щучинск қалалары мен Алматы облысы қабылдады.

Екіншіден, облыстардың рейтингісін шынайы анықтау мақсатында тек жүлде сапасы ғана бағаланды. Бұған дейін қысқы Спартакиадаға қатысқан әр облысқа ұпай берілетін. Бұл өзгеріс жүлдеге таласуға қауқарсыз облыстардың баруына шектеу болды.

Үшіншіден, қысқы Спартакиадада кемі 5 облыс қатыспаған жарыстың жүлдесі ресми есепке енгізілмеді. Бұл тізімге тау шаңғы спорты, фристайл-могул, шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы кіреді. Ал сноуборд сайысы мүлдем өткізілмеді. Төртіншіден, жалпы есепте алғаш рет Ақмола облысы топ жарды.

VI Қысқы Спартакиада еліміздегі өте маңызды жарыстың бірі саналса да, 20 өңірдің барлығы толықтай қатыспады. Ең көп спортшылар шаңғы (12 облыс), биатлон (10 облыс), керлингте (10 облыс) жүлдеге таласса, хоккейден бас жүлдені 5 облыс қана сарапқа салды. Өкінішке қарай, қатысушылардың арасынан Атырау облысы, Маңғыстау облысы (екеуі де керлинг), Ақтөбе облысы (шаңғы, биатлон, керлинг), Жетісу облысы (керлинг, шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы) жүлде бұйырмаса, Түркістан облысы, Жамбыл облысы, Ұлытау облысы мүлдем қатыспады.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес