03.08.2025 | 09:16
Бөлісу:
ТҰҢҒЫШ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ, ОЛИМПИАДА ЖҮЛДЕГЕРІ: ҚАЗАҚСТАН АТЫНАН XII ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ОЙЫНДАРЫНА КІМДЕР ҚАТЫСАДЫ?
7-17 тамыз аралығында Қытайдың Чэнду қаласында XII дүниежүзілік ойындары өтеді, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Бұл бәсекеде алғаш рет 34 спорт түрінен рекордтық 253 медаль сарапқа салынады. 3 жылдан кейін ұйымдастылып жатқан айтулы додада 100-ден астам елден 4000-ға спортшы қатысады.
Қазақстан атынан 31 спортшы WKF каратэ, джиу-джитсу, муайтай, спорттық құзға өрмелеу, садақ ату, спорттық самбо және жауынгерлік самбо, ушу, спорттық акробатикадан сынға түседі.
Джиу-джитсудан жазғы Азия ойындарының чемпионы Нұржан Батырбеков, әлем чемпионы Әбу-Бәкір Жәнібек, Нұрсұлтан Дүйсенқұлов, Аслан Қанатбек, Сейілхан Болатбек, жолдаманы жеңіп алды.
WKF каратэден тұңғыш әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Софья Берульцева, Дидар Амирали, Қайсар Алпысбай, Нұрқанат Әжіқанов, Әсел Қанай қатысады.
Спорттық құзға өрмелеуден жазғы Олимпиада ойындарының қатысушылары Ришад Хайбуллин, Амир Маймуратов, Дамир Токтаров, Бекнұр Алтынбеков бақ сынайды.
Ең көп тоғыз отандасымыз спорттық самбо және жауынгерлік самбода тіркелген. Олардың қатарында Маржан Бизақ, Маратбек Рахметоллин, Бақытжан Дүйсембеков, Аружан Кенесары, Куралай Кабрайқызы, Ниетхан Төлеухан, Тәңірберген Тергеубеков, Айнұр Ақжігітова, Ұлбосын Адилова, бар.
Спорттық акробатикадан Даниель Диль, Вадим Шуляр, Илларион Мацымоха, Алиса Котова өнер көрсетеді.
Садақ атудан (Роксана Юнусова), ушудан (Ислам Каримов), муайтайдан (Руслан Заякин) бір спортшымыз жолдама иеленді.
Айта кететіні, биылғы тізімде 2022 жылы АҚШ-тың Алабама штатының Бирмингем қаласында ұйымдастырылған XI Дүниежүзілік ойындарының жүлдегерлері де бар. Бұл тізімге каратэден топ жарған Софья Берульцева және спорттық акробатикадан қола жүлдегерлер Даниель Диль, Вадим Шуляр енген.
Алда өтетін XII дүниежүзілік ойындар ұраны - «Шексіз спорт, сансыз ғажайыптар». Бұл ұран Чэнду қаласы ұсынатын спорт түрлерінің кең ауқымы (рекордтық 35 спорт) мен сан алуан әсерлерді бейнелейді.
Жарыстың бойтұмарлары ретінде Шубао пандасы мен Цзиньцзай маймылы таңдалған. Дизайнерлер тобы бұл сирек кездесетін екі жануардың бейнесін мәдени тасымалдаушы ретінде пайдаланып, Чэндудың экологиялық тұрғыдан таза, жылы әрі достыққа толы қала ретіндегі келбетін көрсетуге тырысқан.
Дүниежүзілік ойындар 1981 жылдан бастап әр 4 жылда бір рет, Олимпиада ойындарынан кейінгі жылы ұйымдастырылады. Дүниежүзілік ойындарға бастапқыда тек Олимпиада бағдарламасына кірмейтін спорт түрлерінен өткізілсе, қазіргі сәтте 4 жылдықтың басты бәсекесіндегі спорт түрлері де қосылды.
Қазақстан құрамасы Дүниежүзілік ойындарға 1993 жылдан бері қатысып келеді. Осы аралықта отандастарымыз 6 алтын, 4 күміс, 7 қола жүлде иемденген. Әзірше ең үздік көрсеткішіміз (1 алтын, 2 күміс, 1 қола) 2022 жылы АҚШ-тың Алабама штатының Бирмингем қаласында тіркелген.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалық
ШЫҢҒЫС ТАЙЛИЕВ ЗАЛЬЦБУРГТЕГІ ТУРНИРДЕ ЖҮЛДЕ АЛДЫ
ЕРКІНБЕК БАЙТӨРЕЕВ – ЗАЛЬЦБУРГТЕГІ ТУРНИРДІҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ