Бүгін Албанияның астанасы Тиранада 23 жасқа дейінгі палуандар арасындағы әлем чемпионаты басталды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Алғашқы жарыс күні грек-рим күресінен 60, 67, 72, 82 және 97 кг дейінгі салмақтағы іріктеу өтті.
Бозкілемге шыққан 5 отандасымыздың ішінде Досжан Өтепқалиев (60 кг) қана ширек финалға шыққан. Өкінішке қарай, оны жеңген грузиялық палуан финалға шыға алмады. Осылайша, Досжан қола жүлдеге таластан тыс қалды.
Ал Дін-Мұхамед Қошқар (67 кг), Мерей Мәулетқанов (72 кг) пен Бейбіт Қорғанов (97 кг) 1/8 айналымда қарсыласынан ары аса алмады. Мұнда тек Бейбітті жеңген армениялық Хайк Хлоян санаулы сəттер бұрын ақтық сынға жолдама алды. Енді ертең отандасымыз қола медаль үшін таласқа түседі.
Сондай-ақ 82 кг дейінгі салмақта сынға түскен отандасымыз Альмир Төлебаев алғашқы белдесуінде Кун Шангқа (Қытай) есе жіберді. Тең аяқталған (3-3) айқаста соңғы әдісті қытайлық істеп кетті.
Ертең Астана уақытымен жұбаныш белдесулер сағат 13:30-да басталады. Ал 55, 63, 77, 87 және 130 кг салмақтағы іріктеу сағат 17:00-ге жоспарланған.
Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.