Шахматшы Алуа Нұрманова Доха қаласында өткен Qatar Masters Open бәсекесінің қола жүлдегері атанды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Ұлттық құрама ойыншысы 9 турдан кейін 4,5 балл жинады. Осылайша ол Халықаралық спорт шеберінің 1-нормасын және әйелдер Гроссмейстерінің 2-нормасын орындады.
Үндістандық Рамешбабу Вайшали мен Дивья Дешмух 5 ұпайдан алды. Қосымша көрсеткіш ойынша алғашқысы топ жарды.

Qatar Masters Open – әлемдегі ең беделді шахмат турнирінің бірі. Мұнда ФИДЕ рейтингі 2300-ден жоғары ойыншылар ғана сынға түсе алады. Биыл 44 елден 252-ден астам шаршы тақта шебері жиналды. Оның ішінде 8 шахматшының рейтингі 2700-ден асқан, ал 60-тан астамы гроссмейстер атағын алғандар. Турнирдің жүлде қоры 108 250 АҚШ доллары. Бас жүлде – 25 000 доллар.