Таиландтың Накхонратчасима қаласында волейболдан әйелдер клубтары арасында Азия чемпионаты мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
«Чартчай» кешенінде жартылай финалда жеңілген екі клуб – еліміздің «Қуанышы» мен жарыс қожайыны Накхонратчасима қола жүлдені сарапқа салды. Бұл матч 0-3 есебімен Таиланд командасының пайдасына аяқталды (22-25, 18-25, 21-25).

Осыдан кейінгі финалда NEC Red Rockets Kawasaki (Жапония) мен Вьетнамның LPBank Ninh Binh командасы кездесіп, жеңіс жапониялықтарға бұйырды (3-0).
Айта кетейік, Жапония мен Вьетнам өкілі финал нәтижесіне қарамастан, әлем чемпионатында Азия құрлығының атынан сынға түседі. Волейболдан клубтар арасындағы әлем чемпионаты (FIVB) биыл 16-22 желтоқсан аралығында Қытайда өтеді.