Бүгін Оңтүстік Кореяның Чхунчхон қаласында өтіп жатқан таеквондодан Азия чемпионатында қазақстандықтар екі жүлдеге қол жеткізді.
87 келіде Смайыл Дүйсебай бірінші кездесуде қытайлық спортшыны 2:1 есебімен ұтып, жартылай финалға шықты. Бірақ Смайылдан финалға берілер жолдаманы өзбекстандық Никита Рафалович уысынан жұлып әкетті. Қазақстандық бұл жолы қола медальмен шектелді.

Ерлер арасында даянгқа шыққан Руслан Жапаров (+87 кг) алғашқы кездесуінде Қытай спортшысына 2:0 есебімен жол берді.
Әлемдік рейтингтегі көшбасшының бірі Жансель Дениз (73 кг) бірінші кездесуін жартылай финалдан бастап, Ливан спортшысын 2:0 есебімен ұтып, финалға шықты. Өкінішке қарай, ақтық сында ирандық қарсыласына есе жіберді (0:2).

Құрлық чемпионаты ертең мәресіне жетеді. Қазақстан 1 күміс, 4 қола жүлдемен жалпы есепте 6-орында келе жатыр. Көш басында 4 алтын, 1 күміс, 3 қоласы бар Оңтүстік Корея құрамасы тұр.