Facebook Instagram Telegram
Logo ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы
ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы
Қазақ стрелка вниз

Бирмингемде батуттағы гимнастикадан әлем чемпионаты басталды

Ұқсас жаңалықтар

Бүгін Ұлыбританияда Бирмингем қаласында батуттағы гимнастикадан 37-ші әлем чемпионаты басталды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Utilita Arena кешенінде 41 мемлекеттен келген таңдаулы 350-ден астам гимнаст 15 жүлде жиынтығын сарапқа салады. Сонымен қатар бәсеке барысында Париж Олимпиадасына баратын спортшылардың жартысы белгілі болады.

Атап айтар болсақ, жекелей сында ерлер мен әйелдер арасында финалға шыққан әр елге лицензия беріледі. Бұл дегеніңіз, кемі төрттен сегізге дейінгі жолдама. Ал келесі жылы жазда Францияға баратын қалған 16 адам FIG-тің 2023-2024 жылғы Әлем Кубогы сериясы мен 2024 жылы көктемде өтетін әр құрлықтағы чемпионаттан кейін анықталады.

Сондай-ақ Бирмингем төрінде 2025 жылы Чэнду (Қытай) қаласында өтетін XII Дүниежүзілік ойындар (World Games) іріктеу саналады. Есіңізде болса, былтыр АҚШ-тағы Бирмингем қаласында өткен ойындар бағдарламасына баттутағы гимнастика кірмей қалған.

Бәсекеде ел намысын Ханчжоудағы Азия ойындарының жүлдегерлері – Данил Мусабаев пен Виктория Бутолина және Пирмаммад Алиев қорғайды.

Чемпионатты іріктеуден бастап финалға дейін All Gymnastics (allgymnastics.tv) платформасынан тікелей эфирде тамашалауға болады.