Facebook Instagram Telegram
Logo ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы
ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы
Қазақ стрелка вниз

Каратэшілер Джакартадағы бәсекеден олжалы оралды

Ұқсас жаңалықтар

Бүгін Индонезия астанасы Джакартада аяқталған WKF каратэден А сериясының 4-кезеңі Қазақстан құрамасы үшін сәтті болды. Жылдың қорытынды бәсекесіне аттанған Ұлттық құраманың 14 кумите шебері 2 алтын, 2 күміс және 3 қола медальға қол жеткізіп, жалпы есепте 3-орын алды. Ката бағдарламасында қазақстандықтар барған жоқ.

Әйелдер арасында 55 келіге дейінгі салмақта финалға екі қазақстандық каратэші Әсемгүл Ердәулет пен Гүлмира Үсенова шығып, алғашқысы 3-1 есебімен жеңді.

Ал екінші алтын медальді Лаура Әліқұл қоржынға салды. Ол 68 келіге дейінгі салмақтың ақтық сынында Сара Дойбледен (Швейцария) 3-0 есебімен басым түсті. Алғашқы халықаралық жарысына қатысып жатқан Лаура жартылай финалда индонезиялық Деви Трианнаны ұтқан (Есеп: 3-1).

Ерлер арасында 60 кг дейінгі салмақта Дәулет Шымырбеков соңғы жекпе-жекте марокколық Айман Такзимаға еш қарсылық көрсете алмай (0-8), күміс жүлдегер атанды. Дәулет жартылай финалда тайбэйлік Гуань-Шиун Ванды ойсыра ұтқан еді. Есеп: 6-0.

Сондай-ақ Низамитдин Халматов (-60 кг), Дамир Камал (-67 кг), Нұрнияз Елдашев (+84 кг) өз салмағында үштікті түйіндеді.

Айта кетейік, осыған дейінгі кезеңдерді Памплона (Испания), Каир (Мысыр) мен Қожаэли (Түркия) қабылдаған. Джакартадағы татами додасына 65 мемлекеттің 670-тен астам каратэшісі жиналды. Оның ішінде ең көп спортшыны жарыс қожайыны Индонезия қосты (139). Одан кейін Үндістан (67), Тайбэй мен Украина (26-дан) тұр. А сериясының келесі кезеңі 2023 жылғы 13-15 қаңтар аралығында Грекия астанасы Афиныда өтеді.

Анықтама:

А сериясындағы жарыстарға WKF рейтингінде 33-орыннан төмен жайғасқан каратэшілер қатыса алады. Әр категориядағы, яғни салмақтағы спортшы саны 96-дан аспайды. Бұл деңгейдегі жарыстарда жинаған ұпай рейтингте таңдаулы 32 каратэшінің арасына кіріп, Премьер-лигада күш сынасуға жол ашады.