08.08.2025 | 14:10

МӨЛДІР ЖАҢБЫРБАЙ ЧЭНДУДАҒЫ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ОЙЫНДАРДЫҢ  ФИНАЛЫНА ШЫҚТЫ

Қытайдың Чэнду (Қытай) қаласында өтіп жатқан XII Дүниежүзілік ойындарда каратэден бірінші жарыс күнінде әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай ақтық сынға өтті, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Ол 50 кг дейінгі салмақтың жартылай финалында 2 дүркін Еуропа чемпионы Емма Сгарделлиден (Хорватия) 3:2 есебімен айласын асырды. Енді санаулы сағаттардан кейін Мөлдір Иран спортшысы Сара Бахманиермен күш сынасады.

Айта кетейік, XII Дүниежүзілік ойындарға каратэден әлем рейтингінің қорытындысы бойынша іріктелген таңдаулы 96 спортшы жиналды. Қазақстан командасының 6 өкілі кумите бағдарламасында лицензия иеленген. Спорттың бұл түрінен ең көп спортшыны жарыс қожайыны Қытай қосты (11 адам). Одан кейін Жапония (9 адам), сосын 6 спортшыдан жіберген Қазақстан, Мысыр, Түркия тұр.

Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес